"Көркем мінез"
Мұхаммед с.ғ.с. бірде көшеде белі бұралып, білегі үзіліп кете жаздап ауыр дорба арқалап бара жатқан егде əйел кісінің қолынан жүгін алып, барар жеріне жеткізіп салған екен. Əлгі əйел жігіттің азаматтығына қатты сүйсініп:
- Қарағым, көп көмек жасадың. Сыпайы мінезің, мейірбандығың, тəрбие көргендігің көрініп тұр. Адамгершіліктің үлгісі екенсің. Саған осы еңбегің үшін не болса да, қанша берсем де аз екенін білемін. Мен саған аналық ақыл- тілегімді айтайын, тілімді алсаң, сен екі дүниеде де бақыт табасың,- дейді.
- Айта қойыңыз.
- Айтсам сол - қазір Мұхаммед деген біреу шығып өзін пайғамбар деп жариялап, ата-баба дінін, жолын тəрк етіп, жаман ырым бастап жүр дейді. Сен оған ілесуден сақтан. Біздің заманымыздың ең қиын мəселесі осы болып тұр. Байқа, сақтан,- дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз:
- Шешей, сол айтқан Мұхаммедіңіз мен ғой,- депті жымиып. Əйел аң-таң.
- Егер расында сол адам сен болсаң, онда мен саған сендім. Сен насихаттаған дінге ердім,- деп, Аллаһқа иман келтіріпті.
Пайғамбарымыз əр мұсылманға өз дінін өзгелерге көркем мінезі арқылы насихаттауын өсиет еткен.