"Жақсылық қылсаң өзіңе..."
Киімі өрім- өрім бір қайыршы ауыл кезіп жүріп үнемі "Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе" деген сөзді қайталай беретін көрінеді. Бір ауылда көрінгенмен ұрса кетуге дайын көкбет, долы қатын тұрады екен, сол əйел қайыршыға таба нанға у қосып береді де: "Жақсылық болса да, жамандық болса да көріп алдым, мə, сөзің де, өзің де құры! " деп мысқылдайды. Қайыршы кетеді.
Ауылдан шыға бере қайыршы алыс жолдан арып-ашып келе жатқан керуенге кездесе кетеді. Керуенге ілесіп азып-тозған егде кісі мен жас жігіт қайыршыдан нан сұрайды. Қайыршы көкбет қатын берген нанды ұстатып жөніне кете барады.
Аздан соң нан жеген қос жолаушы уланып жан тапсырады. Керуендегі жұрт дүрлігіп жиналып қалады да, біреуден біреу сұрап, бұл əлгі қайыршының ісі екенін біледі. Керуенбасы қайыршыны ұстатып:
- Сен неге біздің жолдастармызды өлтірдің? - деп ақырады. Қайыршы бар жағдайды баяндап, бір топ адам шауып барып, долы қатынды сүйрелеп əкеледі.
- Қара, не істегеніңді қара басқыр! - деп өлген жолаушыларды əйелге көрсеткенде əйел шашын жұлып, бетін тырнап айғайға басып жылай бастайды. Сөйтсе, əлгі əкелі-балалы жолаушылар көп уақыт бұрын сапарға кеткен өзінің ері мен ұлы екен. Енді ғана ел-жеріне жете берем дегенде өздерінің ең жақын адамдарының қолынан ажал құшыпты.
Қайыршының айтқан сөзінің ақиқатына көзі жеткен көкбет қатын зар еңіреп қала беріпті.
Қарапайым сөздің ақиқатына көз жеткізу үшін кейде қаншама қымбат құрбандық қажет болады десеңізші!...